Sharapat музыкалық тобы Қазақстан Республикасының АҚШ-та, Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінде өткен халықаралық таныстырылымының маңызды мәдени бөлігіне айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының қаржылай қолдауымен Sharapat тобы Азия аймағынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуға үміткер Қазақстанды таныстыру мақсатында БҰҰ-ға мүше елдердің өкілдеріне арналған ресми қабылдауға қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өтіп, оған ҚР Сыртқы істер министрі тікелей қатысты. Таныстырылым аясында Қазақстанның заманауи бейнесі мен мәдени болмысын айқындайтын визуалды және музыкалық материалдар ұсынылды. Қазақстандық көптеген өнер ұжымдарының арасынан дәл Sharapat тобы халықаралық аудиторияның назарын Қазақстанға аудару тұрғысынан ең тиімді деп танылды. Бұл таңдау өз нәтижесін берді: дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан бәсекелес елдерді басып озып, Азия аймағынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Топтың продюсері Тойшы Нұржан Тасболатұлы таныстырылымның жүргізушілерінің бірі әрі Sharapat тобының БҰҰ өкілдері алдындағы өнер көрсетуінің дыбыс режиссері болды. Sharapat тобының өнер көрсетуі үлкен әсер қалдырып, Қазақстан мәдениетінің халықаралық деңгейдегі әлеуетін айқын көрсетті.

Алғыс хат
2016 жылдың 7–9 мамыр аралығында Нью-Йорк қаласында
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрі
Ерлан Болатұлы Ыдырысовтың қатысуымен
БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдерге арналған
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі
тұрақты емес мүшелігі» атты іс-шарасын
ұйымдастыру шараларына белсенді атсалысқаны үшін
«Алдаспан» этно-рок тобының жетекшісі
Нұржан Тойшыға
Қазақстан Республикасының
БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігі
алғыс жариялайды.
БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты Өкілі
Елші Қайрат Әбдірахманов
2016 ж. 9 мамыр
Нью-Йорк қаласы